Жангелдиндегі Қарабалиндер отбасының өлімі: Сұлтан Сәрсемалиевке тағылған айыптар кеңейтілді

Атырау облысы Жангелдин ауылындағы Қарабалиндер отбасының өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу басты күдікті Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты айыптау көлемін кеңейтті. Енді оған «екі немесе одан да көп адамды өлтіру» тармағымен қатар әрекеттері «бірнеше рет жасалған адам өлтіру» ретінде де сараланып отыр.
Айыптар: адам өлтіру, ұрлық және алаяқтық Атырау облысы полиция департаментінің мәліметінше, Сәрсемалиевке тағылған айыптар тізіміне Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағымен бірге 13-тармағы — «бірнеше рет жасалған адам өлтіру» енгізілген.
Бұған қоса, бұған дейін хабарланғандай, іс материалдарында мынадай қылмыстар да көрсетілген:
- 188-бап 2-бөлік — «алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған ұрлық»;
- 190-бап — «алаяқтық».
Прокуратура дерегіне сәйкес, бұл эпизодтар қаза тапқандардың жеке заттарын жымқыру және олардың малын заңсыз сату фактілерімен байланысты.
Саралау айырмашылығы неде Адвокат Абзал Қасымжанов қылмысты саралаудағы айырмашылықты түсіндірді. Оның айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінде екі түрлі саралаушы белгі қарастырылған: «екі немесе одан да көп адамды өлтіру» және «бірнеше рет жасалған адам өлтіру».
Оның түсіндіруінше, бірінші жағдайда бірнеше адам бір оқиға аясында бірден өлтіріледі, ал екінші жағдайда адам өмірін қию әртүрлі уақытта және әртүрлі жағдайларда жасалады.
Анықтама ретінде: 99-бап 2-бөлігінің санкциясы (осы істе — 1 және 13-тармақтар) 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруды немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейді.
Абзал Қасымжанов істің резонанс тудырғанын және күдіктінің шетелге қашуға әрекеттенгенін ескере отырып, соттың ең қатаң жазаға жүгіну ықтималдығы жоғары екенін айтты. Оның пікірінше, қалыптасқан сот тәжірибесін ескергенде, күдіктіге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Қылмыстар жиынтығы Сұлтан Сәрсемалиевке адам өлтіруден бөлек, ұрлық пен алаяқтық та тағылып отыр. Адвокат Самат Абуевтің айтуынша, жаза қылмыстар жиынтығы бойынша тағайындалып, жеңілірек жаза қатаңырақ жазамен жұтылады.
Ол сондай-ақ, егер қылмыстың «цинизммен» жасалғаны дәлелденсе, сот өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауы мүмкін екенін атап өтті. Дегенмен, адвокат іс материалдарын көрмей нақты айту қиын екенін жеткізді.
Қарабалиндер отбасының өлімі туралы іс Атырау облысында Жангелдин ауылындағы отбасының жаппай өлтірілуіне қатысты тергеу жүріп жатыр. 2025 жылғы желтоқсанның соңында туыстары зейнеткер ерлі-зайыптылар мен олардың ересек балаларының жоғалғанын хабарлаған.
Ол кезде отбасы үйден белгісіз бағытқа шығып кеткені, содан бері олардың қайда екені белгісіз болғаны айтылған.
Фото: пресс-служба полиции
Іздеуде болған төрт ересек адам:
- 66 жастағы Максот Қарабалин;
- 64 жастағы Насип Утешекалиева;
- 35 жастағы қызы Мирамгүл Қарабалина;
- 32 жастағы ұлы Наурыз Мұқанғалиев.

Отбасы мүшелерінің мәйіттері қайдан табылды Кейін, 6 қаңтарда, Жангелдин ауылында зейнеткер ерлі-зайыптылардың мәйіттері табылды. Құқық қорғау органдары мәйіттердің олардың үйі аумағындағы шаруашылық құрылыстың астынан табылғанын хабарлаған.
Ерлі-зайыптылар жерленгеннен кейін бірден, 8 қаңтарда, полиция іс бойынша басты күдіктіні жариялады. Ол — отбасының 29 жастағы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев екені анықталды. Сондай-ақ оның отбасының кенже қызы — Ақбаян Мұқанғалиевамен бірге елден шығып кеткені белгілі болды.

Ер адам халықаралық іздеуге жарияланды.
Индонезияда ұсталу 24 ақпанда Сәрсемалиев пен Мұқанғалиева Индонезиядағы Сенару ауылындағы қонақүй тәрізді үйде ұсталды.
25 ақпанда ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақбаян Мұқанғалиеваның да іс бойынша күдікті деп танылғанын хабарлады.
Наурыз бен Мирамгүлдің мәйіттері табылды 9 наурыз кешке күдікті ерлі-зайыптылардың Алматыға экстрадицияланғаны белгілі болды. Сол жерде Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиев пен Мирамгүл Қарабалинаны өлтіргенін мойындап, жерленген орнын көрсеткен.
Аға-қарындастың мәйіттері Атырау маңындағы Геолог шағынауданынан табылды. Олар басты күдікті бұрын жалға алған үйдің ауласынан шыққан.
11 наурызда Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында аға-қарындастың жерлеуі өтті.
Фото предоставлено источником, специально для Tengrinews.kz
Туыстары редакция тілшісіне әзірге пікір айтуға дайын емес екенін, бұл бүкіл отбасы үшін үлкен қайғы екенін жеткізген.
«Аға мен қарындас қарапайым әрі мейірімді адамдар еді, қолындағы барын бөлісуге әрдайым дайын болатын. Ешкімге зиян келтірген емес. Оларды ата-анасының жанына жерледі», — деген туыстарының бірі.
Күдіктінің жұбайы туралы Бұған дейін прокуратура іс бойынша тағы бір күдікті — өлтірілгендердің қызы әрі Сұлтан Сәрсемалиевтің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның қайда екенін нақтылаған.
10 наурызда тергеу соты оны сот-психологиялық-психиатриялық сараптамадан өту үшін мамандандырылған медициналық мекемеге жібергені белгілі болды.
Прокуратураның түсіндіруінше, қазіргі кезеңде оның әрекеттері сараланбаған және оған қатысты бұлтартпау шарасы таңдалмаған. Егер психикалық бұзылыс белгілері анықталса, Алматыдағы Сот сараптамалары институтында стационарлық кешенді сот-психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындау мәселесі қаралады.
Ведомство күдіктілердің әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға мен саралау барлық мән-жай анықталып, тағайындалған сараптамалардың нәтижелері алынғаннан кейін берілетінін атап өтті. Сондай-ақ, сотқа дейінгі тергеудің аяқталу мерзімі сараптамалар нәтижесіне және жүргізілетін тергеу әрекеттерінің көлеміне байланысты екені көрсетілді.


