Қазақстанда жабайы жануарлармен кездесулер жиілеген: Экология министрлігі себептерін түсіндірді

Қазақстанда адамдардың жабайы жануарлармен кездесуі жиілегені байқалады. Экология және табиғи ресурстар министрлігі мұндай жағдайлардың себептерін түсіндірді.
Сирек жануарларды қалай бақылайды Қазақстанда спутниктік телеметрия көмегімен сирек кездесетін жануар түрлері бақыланады. Олардың қатарында киік, қар барысы, құлан, арқар, тоғай бұғысы, қарақұйрық және Тянь-Шань қоңыр аюы бар.
Мониторинг сондай-ақ қоныс аударатын құстардың кейбір түрлерін қамтиды: сұр қаз, ақмаңдай қаз, қызылжемсаулы қаз, хохотунья, қарабасты хохотун, реликті шағала және чеграва.

Үлкен Алматы шатқалындағы қар барысы Салыстырмалы түрде жақындағы мысал ретінде ақпан айында Үлкен Алматы шатқалында қар барысының пайда болуы аталды. Үш күн бойы жыртқыш аса төмен биіктікте жүрген. Ғалымдар мен парк қызметкерлеріне оны қызығушылық танытқан туристер мен фотоаңшылардан қорғауға тура келген. Нәтижесінде ирбиске спутниктік қарғыбау тағылып, содан кейін ол тауға жоғары көтерілген.
Қазір барыс қайда Министрліктің ресми сұрауға берген жауабына сәйкес, ақпанда спутниктік қарғыбау тағылған қар барысы әдеттегі тіршілігін жалғастырып жатыр.
Ведомство мәліметінше, ол өзіне тән аумақта сәтті қозғалып, түріне тән мінез-құлық көрсетеді: биік таулы учаскелерді белсенді пайдаланады, антропогендік жүктемесі жоғары орындардан қашқақтайды және олжасы шоғырланатын негізгі аумақтар арасында тұрақты түрде орын ауыстырады (тау ешкілері, сібір еліктері және маралдар).
Осылайша, жануар өз аумағында белсенді қозғалып, адамдардан аулақ жүреді және үйреншікті жерлерде аң аулайды.
Жабайы жануарлар адамдарға жиі жақындай ма? Министрлік дерегінше, мұндай жағдайлар кездеседі, бірақ сирек және әдетте қысқа уақытқа ғана болады.
Жануарлардың адамдарға жақындауына көбіне су немесе азық тапшылығы әсер етеді — мысалы, қуаң жазда немесе қарлы қыста. Кейде бұл адамның шаруашылық қызметімен байланысты: жол салу және аумақтарды игеру салдарынан жануарлардың үйреншікті бағыттары өзгеруі мүмкін.
Ведомство кей өңірлерде адам мен жабайы табиғат арасындағы байланыс саны шынымен өсіп отырғанын нақтылады. Бұл бірнеше факторға байланысты: жекелеген түрлер санының артуы (мысалы, киік), адамның шаруашылық қызметінің кеңеюі, инфрақұрылымның дамуы, сондай-ақ климаттың өзгеруі, ол су мен жем-шөптің қолжетімділігіне ықпал етеді. Мұнда мәселе жануарлардың адамға «үйренуінен» гөрі, олардың табиғи бағыттарының шаруашылық аймақтарымен қиылысуында екені айтылды.
Сонымен бірге, Зоология институтының дерегіне сәйкес, жабайы жануарлардың адамдарға шығуы жиілеп бара жатқан тұрақты үрдіс байқалмайды.
Бақылаудағы құстар әдетте аңғарларда, су маңында немесе аласа таулы өңірлерде жүреді, тек сирек жағдайда ғана шағын елді мекендерге жақын көрінеді.
Министрлік жалпы алғанда миграция жануарлар өмірінің табиғи бөлігі екенін, әсіресе киік үшін маңызды екенін атап өтті.
Жануарлардың орын ауыстыруы және шекара асуы Соңғы бір жылда бақылаудағы көптеген жануар Қазақстан аумағында орын ауыстырған, ал кейбірі Ресей мен Өзбекстанға шекара асып өткен. Зоология институтының мәліметінше, жекелеген қар барыстары Қырғызстан мен Қытайға да өткен.
Ақпан айында Орман шаруашылығы комитеті қар барыстарының адамдарға жиі көрінуіне қатысты алаңдаған қазақстандықтарды тыныштандырып, барыстың төмен биіктікте жүруі аномалия емес екенін мәлімдеді. Қазақстанда қар барысының таудағы мекен ету ауқымы теңіз деңгейінен 500-ден 4500 метрге дейін екені көрсетілді.


