Қазақстандық AKASHI дата-орталығы Uptime Institute ұйымынан Tier IV сертификатын алды

Қазақстандық AKASHI дата-орталығы Uptime Institute ұйымынан Tier IV сертификатын алды. Компанияның хабарлауынша, бұл ұйым саладағы ең беделді құрылымдардың бірі саналады және тәуелсіз техникалық тексеріс жүргізіп, халықаралық стандарттарға сәйкестікті растайды.
AKASHI өкілдерінің айтуынша, аталған сертификат Қазақстанға сыни маңызы бар цифрлық жүйелер үшін ең жоғары сенімділік деңгейіндегі инфрақұрылымы бар елдердің алғашқы жиырмалығына кіруге мүмкіндік берді. Компания бұл деңгейдің тек шектеулі елдерде ғана қолжетімді екенін және көбіне жекелеген нысандармен ұсынылатынын атап өтті.
Tier IV сертификаттауы халықаралық жіктеудегі ең жоғары деңгей болып есептеледі және инфрақұрылымның толық істен шығуға төзімділігін растайды: бір ғана істен шығу нүктесінің болмауы және ИТ-жүйелерді тоқтатпай кез келген техникалық жұмыстарды жүргізу мүмкіндігі. Дата-орталық өкілдері бұл деңгейдегі есептік қолжетімділік 99,995% екенін түсіндірді.

Компания мәліметіне сәйкес, AKASHI — Еуразиядағы Tier IV деңгейі бойынша ресми сертификатталған алғашқы коммерциялық дата-орталық. Сондай-ақ, әлем бойынша мұндай нысандар дата-орталықтардың жалпы санының 3%-дан азын құрайды.
Дата-орталықта бұл нәтиже Tier IV стандарты бойынша жай ғана жобалау емес, Uptime Institute-тің ресми сертификаттауынан өту екенін атап өтті. Сертификаттау тәуелсіз аудитті, инженерлік шешімдерді және халықаралық талаптарға сәйкестікті тексеруді қамтиды.
Akashi Data Center басқарма төрағасы Владислав Минкевич бұл жетістіктің мәнін былай түсіндірді: «Біз үшін бұл формалды мәртебе емес, жобаның инженерлік философиясының расталуы. AKASHI бастапқыда банктердің, биржалық жүйелердің, халықаралық бұлтты шешімдердің сыни маңызды инфрақұрылымын орналастыруға арналған нысан ретінде жобаланды. Бүгін біз ең қатаң халықаралық талаптарға сәйкестікті ресми түрде бекіттік».
AKASHI дата-орталығы Астанада салынып жатыр және қуаттарды кезең-кезеңімен іске қосуды көздейді. Жоба төрт тәуелсіз блоктан тұрады, олардың жалпы қуаты 100 мегаваттқа дейін жетеді. Бірінші кезекті іске қосу 2027 жылға жоспарланған.
Жоба деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта бірінші блоктың қуаты 93% көлемінде резервке қойылған. Негізгі сұраныс қаржы секторынан, технологиялық компаниялардан және үлкен деректерді өңдеуге байланысты жобалардан қалыптасып отыр.
AKASHI мәлімдеуінше, жоғары деңгейлі инфрақұрылымға сұраныстың өсуі жасанды интеллекттің дамуына және тәулік бойы жұмыс істейтін, тоқтап қалуға жол бермейтін цифрлық сервистердің сенімділігіне қойылатын талаптардың артуына да байланысты.


