Қазақстан құрамасы FIFA Series турниріндегі шешуші матчты Астанада өткізеді

Бүгін, 31 наурызда, Қазақстанның футболдан ұлттық құрамасы Астанада FIFA Series турниріндегі шешуші матчты өткізеді. Команда негізгі уақытта жеңілмесе, турнир жеңімпазы атанады.
Қазақстанның турнирдегі соңғы қарсыласы — Комор аралдары құрамасы.
Алғашқы ойындарда Намибияға қарсы кездесулер әртүрлі нәтиже берді: Қазақстан құрамасы 2:0 есебімен сенімді жеңіске жетсе, Комор футболшылары нөлдік тең ойыннан кейін пенальти сериясында жеңіліп қалды, әрі олар фаворит саналған.
Турнирде ұпайлар әдеттегідей бөлінбейтіндіктен, пенальтиде жеңілгеннің өзінде Комор құрамасы бір ұпай алды. Сондықтан қонақтар Қазақстанды негізгі уақытта жеңсе, ұпайы көп болып, турнирді жеңіп алады.
Қазақстанға болса, негізгі уақытта тең ойын да титулды кепілдендіруге жеткілікті.
Комор аралдары құрамасы ФИФА рейтингінде 106-орында тұр (Қазақстаннан жоғары) және құрлықтық біріншілікте плей-офф кезеңіне де шыққан, оның үстіне бұл өздері үшін дебюттік турнирде болған.
Сонымен бірге қазір команда қайта құру кезеңінде. Бұл туралы бас бапкер Эбер Велю матч алдындағы баспасөз мәслихатында айтқан.
"Лишь 10 футболистов из нынешнего состава участвовали в Кубке африканских наций два месяца назад. Остальные 11 — практически новички, и только трое из них тогда выходили в основе. Два месяца для футбола — срок ничтожный. Мы находимся в фазе глубокой перестройки, и игра против европейцев — это ключевая часть нашего прогресса и подготовки к будущим вызовам", — заявил он.
Осы тәсілдің салдары ретінде құрамның бағасы күрт арзандаған: өткен жылы командада Transfermarkt 6–7 миллион еуроға бағалаған ойыншылар болса, қазір ең мәртебелі футболшы Абдель-Хаким Абдалла 600 мың еуро деп көрсетілген.
Комор құрамасының басты жұлдызы Франция чемпионатының екінші дивизионында «Генгам» сапында сол қаптал қорғаушысы позициясында ойнайды. Ал жаңартылған құрамдағы негізгі шабуыл күші ретінде Бельгияның екінші дивизионында ойнайтын 19 жастағы Абубакар Али аталды.
Transfermarkt дерегіне сүйенсек, Қазақстан құрамасының екі көшбасшысы — Нұралы Әліп пен Максим Самородов — қарсылас команданың жалпы құнынан да қымбат: 5 миллион еуро қарсы 3,28 миллионға.
Алайда Қазақстан құрамасына ең қымбат футболшы — «Қайраттың» вингері Дастан Сатпаев шақырылмаған. Сондай-ақ бас бапкер шетел чемпионаттарында ойнайтын екі ойыншы — Ислам Чесноков пен Ғалымжан Кенжебекке көңілі толмайтыны айтылды.
Қазақстан құрамасының пайдасына — матчтың өз алаңында өтуі және алғашқы кездесуде шабуыл әлеуетін іске асыра алғаны. Дегенмен африкалық командадан тосынсый күтуге болады.
Бұл матч жай ғана жолдастық ойын емес, ФИФА трофейін жеңіп алу мүмкіндігі екені атап өтілді. Халықаралық футбол федерациясы ұлттық құрамалар матчтарына арналған үзіліс кезінде жолдастық ойындардың орнына жаңа жарыс ойлап тауып, Қазақстан турнирді қабылдаған алғашқы елдердің бірі болды.
FIFA Series аясында бірнеше трофей ойнатылып үлгерген: мысалы, Өзбекстан құрамасы өз алаңындағы турнирде жеңіске жетіп, медальдар мен кубок алған.
Комор аралдары — Қазақстан матчы бүгін, 31 наурызда, «Астана Аренада» өтеді. Ойынның басталуы 17:00-ге жоспарланған.
Кездесуді тікелей эфирде Qazsport, сондай-ақ арнаның сайты көрсетеді.
Бұған дейін Қазақстанның 19 жасқа дейінгі футболшылары Еуро-2026-ға шығу жолындағы шешуші матчта Украина құрамасына жол бергені хабарланған.


