Қазақстан құрамасы FIFA Series жолдастық турнирін Астанада Намибияны 2:0 есебімен жеңіп бастады

Бүгін, 25 наурызда, Қазақстанның футболдан ұлттық құрамасы Астанада FIFA Series жолдастық турнирі аясындағы алғашқы матчын өткізді. Қарсылас — Намибия.
Кездесу «Астана Аренада» өтіп, алаң иелері 2:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.
Қазақстан құрамасы сапынан есепті Ян Вороговский 12-минутта ашты. «Астана» клубының қорғаушысы стандарттан кейін сәтті қимылдап, алыстан соққымен қарсылас қақпасын дәл көздеді.

Осы голдан кейін Талғат Байсуфиновтің шәкірттері қысымды жалғастырып, есепті ұлғайтуға бірнеше мүмкіндік алды. Дегенмен, бірінші тайм алаң иелерінің минималды басымдығымен аяқталды.
Ал 79-минутта Әлібек Қасым баспен соғып, африкалық құраманың қақпасына допты тоғытты да, матч жеңімпазы туралы сұрақты түбегейлі жапты.
Намибия ойыншылары гол соға алмады. Қорытынды есеп: Қазақстанның пайдасына 2:0.
FIFA Series турнирі деген не?
FIFA Series турнирінің негізгі идеясы — әртүрлі конфедерация командаларының бір-бірімен ойнауы. Жоба 2024 жылы пилоттық форматта басталып, 2026 жылдан бастап толыққанды әрі кеңейтілген форматқа өтті, оған әйелдер құрамалары да енгізілді.

Турнир 4 командадан тұратын топтарда өтеді (әртүрлі құрлықтардан), әр команда 2 матчтан өткізеді. Бұл халықаралық тәжірибені көбейтіп, күнтізбені шамадан тыс жүктемеуге мүмкіндік береді.
Қазақстан құрамасы үшін бұл — жаңа қарсыластармен ойнап, бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыруға мүмкіндік.
Кеше өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов Дастан Сатпаевтың жағдайын Хвича Кварацхелиямен салыстырып, неге біздің 18 жастағы вингердің жастар құрамасында ойнамауы керектігін түсіндірді.
Алдағы FIFA Series турнирі аясында бапкер командаға қатысты көзқарасын айтып, жаңа философия, ойыншылар арасындағы жоғары бәсеке туралы сөз қозғады және жанкүйерлер пікірін неге ескеретінін түсіндірді.
Сондай-ақ: Қазақстан — Намибия: ұлттық құраманың қарсыласы туралы не белгілі


