Қазақстан NCOC-пен 2,3 трлн теңгелік экологиялық дауды апелляцияда қаратып жатыр, параллель түрде Вашингтонда арбитраж басталмақ

Қазақстан триллиондаған теңгеге бағаланатын арбитраждық дауларға қатысып отыр, ал сот процестерінің бір бөлігі жабық режимде өтеді. Ең ірі даулардың бірі — North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясымен 2,3 трлн теңгеге бағаланатын іс туралы Әділет вице-министрі Даниель Ваисов мәлімдеді.
Не болды
Бұл — күкіртті сақтау лимиттерінің асып кетуіне байланысты экологиялық дау. Мемлекет мүддесін Экология министрлігі мен Әділет министрлігі қорғайды.
Ваисовтың айтуынша, Қазақстандағы бірінші сатыдағы сот өтіп, мемлекет жағын қолдаған.
"Қазақстан Республикасының ұстанымы заңды деп танылды. Бірақ алты мердігер компания наурыз айында апелляциялық шағым түсірді. Қазір іс апелляция сатысында", – деді вице-министр Сенат кулуарында.
Бұзушылықтар 2022 жылы Қашаған кен орнындағы тексеріс кезінде анықталған. Экологтар оператор NCOC нормадан тыс шамамен 1,2 млн тонна күкірт сақтағанын көрсеткен. Осыған байланысты компанияға 2,3 трлн теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін болған.
Анықтама: Қашаған кен орны — бүгінгі күнге дейін ашылған ең ірі әрі күрделі теңіз кен орындарының бірі. Ол геологиялық қоры 4,65 млрд тоннаға бағаланатын біртұтас көмірсутек қабатын құрайды.
Компания тексеріс нәтижелерін сотта даулаған:
- 2023 жылғы маусымда Астана соты оның талаптарын ішінара қанағаттандырды;
- 2024 жылғы ақпанда апелляция мемлекеттік орган жағын қолдап, тексерісті заңды деп таныды.
Кейін жағдай қайта өзгерген. 2025 жылғы тамызда Астана соты экологтардың нұсқамасын мемлекеттік орган тарапынан болған "процестік бұзушылықтарға байланысты" заңсыз деп танып, күшін жойған. Қазір іс апелляция сатысында.
Вашингтондағы арбитраж
Сонымен қатар мердігерлер халықаралық арбитражға талап арыз берген. Ол күкіртті сақтау ережелерін бұзуға байланысты Қазақстан салды деп жазылған шамамен 5 млрд доллар (шамамен 2,5 трлн теңге) көлеміндегі экологиялық айыппұлға қатысты.
Анықтама: Халықаралық арбитраж — мемлекеттер мен шетелдік инвесторлар арасындағы дауларды ұлттық соттардан тыс шешу тәсілі. Мұндай істер арнайы халықаралық алаңдарда тәуелсіз арбитрлердің қатысуымен қаралады. Әдетте арбитраж инвестициялық дауларда — мысалы, мұнай, газ немесе экология саласында — елдер арасындағы халықаралық келісімдер негізінде жүргізіледі.
Талқылау Вашингтонда — Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықта (ICSID) өтеді. Қазір арбитраждық трибунал құрамы жасақталып жатыр, деді Ваисов.
Консорциум құрамына жеті ірі халықаралық энергетикалық компания кіреді:
- "ҚазМұнайГаз" — 16,88 пайыз;
- Eni — 16,81 пайыз;
- Shell — 16,81 пайыз;
- ExxonMobil — 16,81 пайыз;
- TotalEnergies — 16,81 пайыз;
- CNPC — 8,33 пайыз;
- INPEX Ltd. — 7,56 пайыз.
Талап арызды "ҚазМұнайГаздан" басқа барлық қатысушы берген.
Бұдан бөлек, өткен жылдың қаңтарында Астанадағы экономикалық сот NCOC-тен шикі газды факелдерде нормадан тыс жағу үшін 3,5 млрд теңге өндіріп алған.
Сондай-ақ халықаралық арбитражға 160 млрд доллардан асатын сомаға — жіберілген пайда, сондай-ақ қоршаған ортаға келтірілді делінетін зиян мен сыбайлас жемқорлыққа байланысты шығындар бойынша — талап арыз берілгені айтылды.


