Астанада қыс мезгілінен кейінгі санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстары күшейтілді

Астанада коммуналдық қызметтер қыс мезгілінен кейін қаланы санитарлық тазалау бойынша ауқымды жұмыстарды жалғастырып жатыр.
Қала әкімдігінің мәліметінше, жұмыс аясында қалалық инфрақұрылымның әртүрлі нысандары белсенді түрде тазаланып, жуылып жатыр. Олардың қатарында қоршаулар, аялдама павильондары, жарықтандыру тіректері, жол белгілері, жолдар, тротуарлар және өзге де элементтер бар. Сонымен бірге аулаларда, скверлер мен парктерде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Санитарлық тазалау жұмыстары қаланың барлық аудандарында атқарылып жатыр.
Нұра ауданында аумақты ретке келтіру және санитарлық тазалау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Көше-жол желісі жуылып, тротуарлар, көпірлер, аялдама павильондары және қалалық инфрақұрылымның басқа да элементтері тазалануда.
Байқоңыр ауданында санитарлық тазалаумен қатар аулаларда, скверлер мен парктерде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары басталды. Балалар және спорт алаңдарын, қоқыс контейнерлеріне арналған алаңдарды ретке келтіру, сондай-ақ абаттандырудың бүлінген элементтерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Алматы ауданында жұмыстар күшейтілген режимде атқарылуда: күн сайын шамамен 300 жол жұмысшысы және 250-ден астам мамандандырылған техника жұмылдырылған. Жолдар мен инфрақұрылымды жуудан бөлек, жасыл желектерді қырқу, аялдама кешендерін санитарлық тазалау, аншлагтар мен қоршау элементтерін қалпына келтіру жүргізілуде.
Есіл ауданында да көктемгі жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары басталды. Тас төсем (брусчатка) қалпына келтіріліп, Қонаев көшесіндегі тіреу қабырғаның жабын плиталары жөнделуде. Қалалық инфрақұрылым күн сайын кешенді түрде жуылады. Жұмыстарға 500-ден астам жол жұмысшысы және 200-ден аса техника тартылған.

Сарыарқа ауданында да ауқымды санитарлық тазалау жүргізілуде. Жұмыстар жол жабынын, жерасты өткелдерін, аула аумақтарын және көше жиһаздарын қамтиды. Сонымен қатар аялдама павильондары тазаланып, абаттандыру элементтері жөнделуде. Санитарлық тазалауға 735-тен астам техника және 253 жол жұмысшысы жұмылдырылған.
Сарышық ауданында 200-ден астам арнайы техника және 400 жол жұмысшысы тартылған. Қар шығару, үйінді және ірі көлемді қоқысты жинау, жиек маңын тазалау, тротуарлар мен көпірлерді жуу жұмыстары жүргізілуде.
Әкімдікте қазіргі таңда санитарлық тазалау жұмыстары елорданың барлық алты ауданында жүріп жатқанын атап өтті. Тротуарлар мен жол жабындары арнайы техника көмегімен тазаланып, газондардағы қоқыс пен кір күн сайын жиналып жатыр.




