Ерболат Досаев «Самрук-Қазына» қоры директорлар кеңесінің құрамынан шығарылды

Ерболат Досаев Ұлттық әл-ауқат қоры «Самрук-Қазына» директорлар кеңесінің құрамынан шығарылды.
Қордың түсіндіруінше, үкімет қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары «Самрук-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болып табылады.
Хабарламада Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 25 наурыздағы жарлығына сәйкес Досаев Ерболат Асқарбекұлы Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметінен босатылғаны, соған байланысты оның «Самрук-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі ретіндегі өкілеттігі тоқтатылғаны айтылған.
Еске салсақ, 25 наурызда Мемлекет басшысының жарлығымен Ерболат Досаев Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметінен босатылды. Осылайша, ол бұл қызметте жарты жыл жұмыс істеді.
Өткен жылдың желтоқсанында Досаев «Самрук-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болып тағайындалған. Ал 2026 жылғы қаңтарда ол «Ұлттық инвестициялық холдинг "Бәйтерек"» АҚ директорлар кеңесінің құрамына да кірген.
Ерболат Досаевтың өмірбаяны
Ерболат Досаев — Республикалық физика-математика мектебінің түлегі, 1993 жылы Алматы энергетика институтын бітірген. Еңбек жолын жеке компанияларда бастап, 1997 жылы «Акцепт» корпорациясының бас директоры болды. Кейін «Банк Тұран-Әлем» басқарма төрағасының орынбасары және «Алматы сауда-қаржы банкінің» басқарма төрағасы қызметтерін атқарған.
1998 жылы премьер-министрдің кеңесшісі, кейін энергетика, индустрия және сауда вице-министрі болды. 2000 жылы Қазақстанның қаржы вице-министрі қызметіне тағайындалды.
2001 жылғы мамырдан 2002 жылғы наурызға дейін — «Қазақстан даму банкі» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. 2001 жылғы қарашада Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігінің төрағасы болды.
2003 жылғы маусымда Ерболат Досаев қаржы министрі қызметіне тағайындалып, 2004 жылғы сәуірде денсаулық сақтау министрі болды.
2006–2012 жылдары — «ҚазИнвестБанк» директорлар кеңесінің төрағасы. 2012 жылғы қыркүйектен — экономикалық даму және сауда министрі (кейін — экономика және бюджеттік жоспарлау министрі). 2014 жылғы 6 тамызда ұлттық экономика министрі болды.
2016 жылы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингін басқарды. 2017 жылғы 29 тамызда премьер-министрдің орынбасары қызметіне кірісті.
2019 жылғы 25 ақпаннан 2022 жылғы 31 қаңтарға дейін — Ұлттық банк төрағасы, одан кейін — Алматы әкімі.


