Яна Легкодимованы өлтіргені үшін өмір бойына сотталғандар әлі де Атыраудағы тергеу изоляторында отыр

Яна Легкодимованы өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған Алтынбек Катимов пен Ризуан Хайржанов әлі күнге дейін Атыраудағы тергеу изоляторында отыр.
Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті сотталғандардың әлі этапталмағанын мәлімдеді.
Департамент өкілінің айтуынша, арнайы күзет бөлінгеннен кейін сотталғандар жазасын әрі қарай өтейтін орынға этапталады. Алайда этаптау бойынша нақты мерзімдер әзірге айтылған жоқ.
Бұған дейін марқұмның анасы Галина Легкодимова Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне ресми сұрау жолдап, сотталғандардың жазасын өтеу орнына қашан этапталатынын түсіндіруді сұраған.
Яна Легкодимова ісі бойынша үкім 2025 жылғы 17 қарашада шықты. Сот 24 жастағы Ризуан Хайржановты және 25 жастағы Алтынбек Катимовты қызды өлтіруге және оның мүлкін жоюға кінәлі деп таныды.
Айыптардың жиынтығы бойынша екеуіне де төтенше қауіпсіздік мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Тергеу дерегінше, Легкодимова мен Хайржанов 2022 жылдан бері таныс болған, бір университетте оқыған және қарым-қатынаста болған. Кісі өлтіруге себеп болған жағдай — жанжал: қыз жігіттің басқа адамға үйленгелі жатқанын біліп, бұл туралы қалыңдығына айтатынын мәлімдеген.
Құқық қорғау органдары екі ұсталған адамның да бұған дейін жауапкершілікке тартылмағанын атап өтті.


