Аделина Земс Узбекистан федерациясынан 1 500 доллар жүлдеақыны бір жылға жуық ала алмай жүр

400 метрге жүгіруден Азияның төрт дүркін чемпионы, қазақстандық Аделина Земс Узбекистан жеңіл атлетика федерациясынан жүлдеақы төлемін бір жылға жуық уақыт ала алмай жүргенін айтты.
2026 жылдың қаңтарында спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында жағдайды баяндап, Узбекистанда 2025 жылдың жазында өткен екі старттағы жүлделі орындары үшін төлем қарызы бар екенін жеткізген. Оның айтуынша, жүлдеақының жалпы сомасы 1 500 долларды (шамамен 750 мың теңге) құрайды.
Осыған дейін Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы Узбекистандағы әріптестерімен байланыста екенін, алайда жағдайға ықпал ете алмайтынын мәлімдеген. Узбекистан тарапы міндеттемеден бас тартпағанымен, нақты мерзімдерді атамаған.
Үш ай өткен соң спортшыдан жағдайдың өзгерген-өзгермегені нақтыланды.

Аделина Земстің айтуынша, мәселе әлі шешілмеген.
"Жоқ, 31 наурызда сұраққа жауап берді. 1 сәуірде төлейміз деді, шамасы, бұл 1 сәуірлік әзіл болған сияқты", – деді спортшы.
Кейін Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметі пікір білдіріп, Узбекистан федерациясы демеуші табылғанын және өткен старттар бойынша жүлдеақы төлемдері басталғанын хабарлағанын айтты. Олардың мәліметінше, барлық спортшыларға төлем жасауға 2-3 аптаға дейін уақыт кетуі мүмкін.
27 жастағы Аделина Земс Қазақстан атынан бірнеше жүгіру дисциплинасында өнер көрсетеді. 2018, 2023, 2024 және 2026 жылдары ол эстафеталық команда құрамында жабық кешендегі Азия чемпионатында 4×400 метр қашықтықта жеңіске жеткен.


