Иранның Энергетика министрлігі: АҚШ пен Израиль соққыларынан кейін Тегеран мен солтүстіктегі бірқатар өңірлерде электр жарығы өшті

Иранның Энергетика министрлігі АҚШ пен Израильдің соққылары салдарынан Тегеран және елдің солтүстігіндегі бірқатар көршілес облыстар электр қуатынсыз қалғанын хабарлады. Қазіргі уақытта электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ведомство мәлімдемесінде Тегеран провинциясындағы электр станцияларына, сондай-ақ Тегеран қаласының кейбір аудандарына және Альборз провинциясына жасалған шабуылдан кейін аталған аумақтарда электр жарығы өшкені айтылған. Министрлік мамандары мәселені шешуге кіріскені көрсетілген.
Кейінірек электр қуатының өшуіне жарылған снарядтың сынықтары Альборз провинциясындағы жоғары кернеулі тірекке тиіп, оның Душантепе электр станциясына зақым келтіруі себеп болғаны хабарланды. Соның салдарынан Тегеран мен Карадждың бірқатар аудандарында жарық өшкен.
Иран Энергетика министрлігі басшысының орынбасары Мостафа Раджаби-Машхади Тегеранда электр қуаты бірнеше сағат ішінде қайта қосылатынын мәлімдеді.
Сонымен қатар Израиль премьер-министрі Ливанның оңтүстігіндегі буферлік аймақты кеңейтуді тапсырғаны айтылды.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның энергетикалық нысандарына жасалатын шабуылдарды 10 күнге, 6 сәуірге дейін тоқтататынын мәлімдеген. Алайда Израиль соққыларды «күшейтетінін» уәде еткен.
Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац бұл қадам Иранның бірқатар зымырандық атқылауларына жауап ретінде жасалғанын хабарлады. Дипломатиялық күш-жігерге қарамастан, екі тарап та бір-біріне оқ атуды жалғастырып жатыр.


