Алматыда Сәтпаев көшесін кешенді абаттандыру басталады: 3,7 км аумақта жайлы әрі қауіпсіз орта құрылады

Алматыда Сәтпаев көшесін кешенді абаттандыру аясында жайлы әрі қауіпсіз кеңістік құру жоспарланып отыр. Жұмыстар Луганский көшесінен Байзақов көшесіне дейінгі ұзындығы 3,7 км болатын учаскеде басталады.
Жоба қалалық ортаны қалыптастырудың заманауи тәсілдері мен халықаралық тәжірибелер ескеріле отырып әзірленген. Тұжырымдаманы британдық LDA Design компаниясы дайындаған.
Жоба аясында ауқымды көгалдандыру қарастырылған: жапырақты және қылқан жапырақты ірі ағаштар, бұталар және көпжылдық гүлзарлар отырғызу жоспарланған. Бұл көшенің тұрақты «жасыл қаңқасын» қалыптастыруға және аумақтың экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жарықтандыру тіректерін жаңарту, абаттандырудың жаңа стандарттарына сай заманауи шағын сәулеттік формалар мен арт-нысандар орнату көзделген.
Жобада жаяу жүргіншілер қозғалысына басымдық берілген жайлы әрі қауіпсіз орта құруға ерекше мән берілген. Кеңістік ең алдымен жаяу жүргіншілердің қолайлылығына бағытталады, сонымен бірге автокөлік қозғалысы үшін функционалдылық сақталады. Көше серуендеуге, демалуға және күнделікті пайдалануға бейімделіп, қала тұрғындарының барлық санаты үшін қолжетімділік қағидаттары ескеріледі.
Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп, негізгі учаскелерде жаяу жүргіншілердің кедергісіз қозғалысы қамтамасыз етіледі. Алғашқы кезекте жұмыстар Республика алаңында басталып, ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін аяқталуы тиіс.
Жобаны іске асыру нәтижесінде Сәтпаев көшесі транзиттік кеңістіктен адамға бағдарланған, қолайлы әрі жасыл заманауи қоғамдық аумаққа айналмақ. Жаңартылған көше қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды орынға айналып, Алматының инвестициялық және туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.


