Әділет министрлігі тұрғын үйден сотсыз шығару тыйымына қатысты түсініктеме берді

Жаңа Конституциядағы тұрғын үйден міндетті түрде сот арқылы шығару туралы норма ең көп талқыланған жаңалықтардың бірі болды. Көптеген қазақстандықтар бұл ереже жалға алушыларға сот шешімін күтіп, жалдамалы пәтерде айлар бойы ақысыз тұруға мүмкіндік береді деп ойлаған. Осы мәселеге қатысты Әділет министрлігі түсініктеме беріп, талқылауға нүкте қойды.
Министрлік тұрғын үйден соттан тыс шығару тыйымына байланысты түсіндірмесінде, 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған жаңа Негізгі заңда тұрғын үйден шығару тек сот шешімімен ғана мүмкін екені бекітілгенін еске салды. Алайда ведомствоның айтуынша, бұл норма Қазақстан заңнамасы үшін жаңа емес: мұндай тәртіп 1997 жылы қабылданған «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңмен бұрыннан реттелген. Министрлік бұл заңның тұрғын үй иелеріне де, жалға алушыларға да қатысты өзгермегенін атап өтті.
Әділет министрлігінің мәліметінше, заң тұрғын үй иесіне белгілі бір артықшылық береді: ол келісімшартта адал емес тұрғындарды шығару үшін кез келген себептерді өзі көрсете алады. Сонымен қатар, жалға алушы өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда мәжбүрлеп шығару мәселесін сот тәртібімен қарау механизмі қарастырылған. Осыған байланысты министрлік тараптарға жалға алу шарттарының талаптарына мұқият қарауды ұсынды.
Тұрғын үй иелеріне алаңдауға негіз жоқ Әділет министрлігі тұрғын үй иесі бұрынғыдай өз мүлкіне иелік ету, оны пайдалану және оған билік ету құқығында басымдыққа ие екенін, соның ішінде тұрғын үйді босатуды талап ете алатынын атап өтті.
Ведомствоның түсіндіруінше, егер жалға алушы шарт талаптарын бұзса — жалдау ақысын төлемесе, төлем мерзімдерін бұзса немесе мүлікті бүлдірсе, онда меншік иесі келісімшартты бұзып, тұрғын үйді босатуды талап етуге толық құқылы.
Заң жалға алушылардың да құқықтарын қорғайды Министрлік жаңа конституциялық кепілдік жалға беруші мен жалға алушы арасындағы қатынастарды құқықтық арнаға түсіруге мүмкіндік береді деп есептейді. Бұл екі тарап үшін де өзара қатынасты жалға алу шарты арқылы рәсімдеуді тиімді етеді және тұрғын үй иелерінің ықтимал өз бетінше әрекеттерінен қорғаныс бола алады.
Әділет министрлігінің түсіндіруінде, норманың конституциялық мәртебе алуы мемлекеттің азаматтарды еркінен тыс, негізсіз шығарудан қорғауды ең жоғары деңгейде қамтамасыз етуге ұмтылысын растайтыны айтылған.
Осы мақсатта Негізгі заңда тұрғын үйден шығару тек сот шешімімен ғана мүмкін екені туралы тікелей норма бекітілді.
Бұған дейін аталған жаңалыққа сарапшылардың қандай пікір білдіргені туралы да материал жарияланғаны еске салынды.


