Бас прокуратура Эпштейн файлдарынан Қазақстан азаматтарының аталуын тексеріп жатыр

Бас прокуратура Джеффри Эпштейн ісіне қатысты жарияланған материалдарды Қазақстан азаматтарының аталуы мүмкін деген тұрғыда тексеріп жатыр. Бұл туралы Сенат кулуарында Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов мәлімдеді.
Өтегеновтің айтуынша, Эпштейн файлдарын тексеру қазір де жалғасып жатыр. Деректер көлемі үлкен — 3 миллионнан астам хабарлама.
«Олар фрагментарлы, үзік-үзік. Қазір толықтай Қазақстан азаматтарының фигуралануы тұрғысынан және жалпы Қазақстан туралы әңгіме қай жерде жүретіні бойынша зерттеп жатырмыз», — деді Өтегенов.
31 қаңтарда АҚШ Әділет министрлігі Джеффри Эпштейн ісі бойынша ауқымды материалдар топтамасын жариялады: 3 миллионнан астам бет, 180 мың фото және 2 мың видео.
Бұл жарияланым аталған іс бойынша ашықтық туралы заң қабылданғаннан бергі ең ірі жарияланым ретінде сипатталады.
«Эпштейн файлдары» — америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейн ісіне қатысты құжаттардың үлкен массиві. Оған сот материалдары, куәгерлердің айғақтары және байланыс тізімдері кіреді. Эпштейннің өзі кәмелетке толмағандарды сексуалдық қанау желісін құрды деп айыпталған.
Материалдарда саясаткерлер, бизнесмендер, ғалымдар және шоу-бизнес жұлдыздары сияқты жүздеген танымал адамның есімі аталады. Олардың көпшілігі Эпштейн аралына барған немесе оның ұшағымен ұшқан деп көрсетіледі. Алайда құжаттарда аталу адамның қылмыс жасағанын білдірмейтіні де атап өтіледі.
Жарияланған деректер Эпштейннің ықпалды адамдармен байланысы қаншалықты тығыз болғанын көрсеткені, бұл оған ұзақ уақыт бойы елеулі салдардан қашып жүруге көмектесті деп саналатыны айтылған.
Жарияланған құжаттарда Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Карим Мәсімов (қазір мемлекетке опасыздық жасағаны үшін 18 жылға сотталған) сегіз рет, ал оның орынбасары Қайрат Келімбетов 90 реттен астам аталады (хабарламалардың бір бөлігі қайталанатыны көрсетілген — прим.).
2011 жылғы 4 тамыздағы хатта белгісіз сұхбаттас Эпштейнге мынадай сұрақ қояды:
«Джеффри, менің қасымдағы үйде Қазақстанның премьер-министрі Карим Мәсімов тұрады. Сен оны танисың ба?»
Сондай-ақ 2014 жылғы хат алмасуда Эпштейннің адамдары кемінде үш рет оған Мәсімовке сәлем жеткізгенін хабарлаған.
Бұған дейін мәжіліс депутаты Асхат Рахимжанов Бас прокурор мен ҰҚК төрағасының атына депутаттық сауал жолдап, қазақстандық жоғары лауазымды тұлғалардың Джеффри Эпштейнмен ықтимал байланыстары туралы ақпаратты тексеруді талап еткен.


