Иран президенті Масуд Пезешкиан Дональд Трамптың мәлімдемесіне жауап берді

Иран президенті Масуд Пезешкиан АҚШ президенті Дональд Трамптың «Иран жер бетінен өшірілді» деген мәлімдемесіне пікір білдірді.
Пезешкиан америкалық көшбасшының сөзін «ұлт еркі алдында үмітсіздік пен дәрменсіздікті көрсететін иллюзия» деп бағалады.
«Иранды жер бетінен өшіру иллюзиясы тарихты жасайтын ұлт еркі алдында үмітсіздік пен дәрменсіздікті білдіреді. Қоқан-лоқы мен террор иран халқын одан әрі біріктіреді», – деп жазды Иран президенті Х әлеуметтік желісінде.
Ормуз бұғазын кеме қатынасына жабу тақырыбына тоқталған ирандық лидер бұғаз Иран аумағына шабуыл жасайтындардан басқа, барлық елдердің кемелері үшін ашық екенін айтты.
«Қоқан-лоқыға біз сол жерде күйрете жауап береміз», – деді Пезешкиан.
Бұған дейін Трамп TruthSocial платформасында жарияланған мәлімдемесінде «Америка Құрама Штаттары Иранды жер бетінен өшірді» деп жазған.
«Біз Иранның қарулы күштерін талқандадық: олардың флоты жойылды, олардың әскери-әуе күштері жойылды, олардың әуе шабуылына қарсы қорғаныс және радиолокация жүйелері жойылды және, мүмкін, ең маңыздысы – олардың басшылары іс жүзінде барлық деңгейде жойылды және енді ешқашан бізге, Таяу Шығыстағы одақтастарымызға немесе әлемге қауіп төндіре алмайды», – деп жазды Трамп 17 наурызда.
Осыдан бірнеше күн өткен соң Трамп АҚШ Таяу Шығыста өз мақсаттарына жақындағанын және Иранға қарсы әскери операцияны қысқартуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ол мақсаттар қатарында Иранның зымыран әлеуетін, соның ішінде ұшыру қондырғыларын толық жоюды, Иранның қорғаныс өнеркәсібін жоюды, сондай-ақ әскери-теңіз және әскери-әуе күштерін, оның ішінде зениттік қару-жарақты жоюды атады.


