АҚШ-та Қасем Сүлейманидің туыстары резидент мәртебесі жойылғаннан кейін ұсталды

АҚШ-та 2020 жылы қаза тапқан ирандық генерал Қасем Сүлейманидің туыстары — оның жиені мен немере жиені — олардың резидент мәртебесі аннулирленгеннен кейін ұсталды.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, федералды агенттер марқұм Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) генерал-майоры Қасем Сүлейманидің жиені мен немере жиенін қамауға алған. Пресс-релизде бұл шешім мемлекеттік хатшы Марко Рубио олардың заңды тұрақты резидент мәртебесінің күшін тоқтатқаннан кейін қабылданғаны айтылған.
Мәлімдемеде Хамида Солеймани Афшар мен оның қызы қазіргі уақытта АҚШ-тың Иммиграциялық және кедендік бақылау қызметінің (ICE) қарауында екені нақтыланады.
Мемлекеттік департамент хабарламасында БАҚ материалдары мен оның әлеуметтік желідегі жазбаларына сүйене отырып, Солеймани Афшардың Ирандағы «тоталитарлық террористік режимнің ашық жақтаушысы» екені көрсетілген.
Сондай-ақ Мемлекеттік департаменттің мәлімдеуінше, ол АҚШ-та тұра отырып, «ирандық режимнің насихатын таратқан», Таяу Шығыстағы америкалық әскери қызметкерлер мен әскери нысандарға жасалған шабуылдарды құптаған, Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысын қолдағанын білдірген, Американы «Ұлы Шайтан» деп атаған және КСИР-ді сөзсіз қолдайтынын мәлімдеген.
Пресс-релизде Солеймани Афшардың бұл насихатты «Иранның террористік режимінің мүддесі үшін» таратқаны, әрі Лос-Анджелесте «сән-салтанатты өмір салтын» ұстанғаны айтылған. Бұл жайт оның кейін жойылған Instagram аккаунтындағы жиі жарияланымдарымен расталатыны көрсетілген.
Хамида Солеймани Афшар мен оның қызының тұрақты резидент мәртебесі тоқтатылуымен қатар, Афшардың жұбайына да АҚШ-қа кіруге тыйым салынған.
Мемлекеттік департамент «Трамп әкімшілігі» АҚШ-тың «антиамерикалық террористік режимдерді қолдайтын шетел азаматтары үшін үйге айналуына жол бермейтінін» де мәлімдеді.
Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы әлеуметтік желідегі Х платформасында да жазба жариялаған.
КСИР-дің элиталық «Кудс» арнайы бөлімшесінің генералы Қасем Сүлеймани 2020 жылғы 3 қаңтарға қараған түні зымыранмен атқылау кезінде қаза тапқан. Әуе соққысын АҚШ оның ұшақтан шыққанынан кейін бірден жасаған.


