Эвересттегі гидтер шетелдік альпинистерді улап, жалған құтқару операцияларын ұйымдастырды деген күдікке ілінді

Непал полициясы Эверестке шығуды сүйемелдейтін гидтерге қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Олар шетелдік альпинистердің тамағына әртүрлі дәрі-дәрмек, ас содасын, шикі тауық етін, тіпті егеуқұйрықтың нәжісін араластырып, адамдардың өзін жайсыз сезінуіне әдейі себепкер болды деген күдікке ілінген.
Тергеу нұсқасына сәйкес, кейін альпинистерге жағдайы «шұғыл» екенін айтып, тікұшақпен төмен түсу ұсынылған. Бұл — қымбат операция.
Билік өкілдері бұдан соң операторлар халықаралық туристік сақтандыру компанияларынан шығынды өндіріп алу үшін жалған медициналық және авиациялық құжаттарды пайдаланғанын мәлімдеді.
Тергеу барысында Непалдағы тау-құтқару компанияларының басшылары ұсталған. Полиция өкілінің айтуынша, жалпы 32 адамға айып тағылып, 11 адам қамауға алынған.
Полиция дерегінше, 25 қаңтарда құтқару компанияларының алты операторы мен менеджері ұсталды. Олар шетелдік туристердің жорық кезінде ауырып қалды деген уәжбен құтқаруды инсценировка жасап, сақтандыру төлемдерін алған деген күдікке ілінген.
Алаяқтық ауқымы үлкен болуы мүмкін: 2022–2025 жылдары 4782 шетелдік альпинистке әсер еткені айтылды. Полиция 300-ден астам ықтимал жалған құтқару операциясын анықтағанын, ал альпинистер мен сақтандыру компанияларына ұсынылған шоттардың жалпы сомасы 20 миллион долларға жуық болғанын хабарлады.
Бұл жанжал биылғы көктемгі альпинизм маусымы қарсаңында туроператорлар мен гидтерге бақылауды күшейтуге алып келді. Маусым 30 наурызда басталған.
Тергеушілер алаяқтық схемаға туристік индустрияның көптеген өкілдері қатысқанын айтады. Олардың қатарында шерпалар, трекинг компанияларының иелері, тікұшақ операторлары және аурухана басшылары бар.
Непал полициясының Орталық тергеу бюросы (CIB) бұл қылмыстар Непалдың халықаралық аренадағы «ұлттық мақтанышы, беделі мен абыройына» нұқсан келтіргенін мәлімдеді.
Сонымен бірге, Непалда жалған құтқару операциялары желісінің әшкереленуі алғаш рет болып отырған жоқ: мұндай жағдай 2018 жылы да тіркелген.
Бұған дейін 35 жастағы қазақстандық Денис Желнин Алматыдан Эвересттің базалық лагеріне дейін велосаяхатқа шыққан. Ол мыңдаған шақырым жүріп, алты елді басып өткен.


