Әлеуметтік желіде Атырау облысындағы СОБР қызметкерлері қатысқан видео тарады: полиция қызметтік тексеріс бастады

Әлеуметтік желілерде Атырау облысындағы СОБР қызметкерлері қатысқан видео тарады. Видеода бөлімше басшылығы бағыныштыларын балағат сөздермен сөгіп, оларға физикалық ықпал қолданатыны көрінеді.
Кадрлардан оқиғаның қызметтік бөлмеде болғаны аңғарылады. Екі СОБР қызметкеріне тіл тигізіліп, дөрекі бейәдеп сөздер айтылады. Олардың біріне соққы жасалады: алдымен қолмен бетіне ұрады, кейін бір затпен ұрғаны байқалады.
Осы уақытта тағы бір адам ешкім ішке кіріп кетпеуі үшін есікті ұстап тұрғаны көрінеді.
Видеомен бірге берілген, ішкі істер министріне жолданған мәлімдемеде болжамды қатысушылар аталған. Олардың қатарында Атырау облысы полиция департаменті СОБР командирі және рота командирлері көрсетілген.
Полицияның реакциясы
Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі қызметтік тәртіптің бұзылғанын растады.
«СОБР қызметкері тарапынан қызметтік тәртіпті бұзу фактісі расталды. Қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, бөлімше басшылығының дұрыс емес әрекеттеріне байланысты қызметтік тексеріс басталды. Оның нәтижесі бойынша принципті баға беріледі», — деп хабарлады полиция.
Бұл Атырау облысындағы СОБР-ға қатысты алғашқы жанжал емес екені де айтылған. Екі жыл бұрын қызметкерлер аноним түрде басшылық тарапынан жүйелі түрде ақша жинау және әділетсіз қарым-қатынас барын мәлімдеген. Сол кезде жүргізілген тексеріс қорытындысы бойынша бұл айыптаулар ресми түрде расталмаған.
Осыған қатысты: «СОБР қызметкерлерінің жаппай төбелесі, әйеліне күш көрсету және шатырдан құлау: Маңғыстау полициясында не болып жатыр»


