Алматыда «Алматы — Шанхай» бизнес-форумы өтіп, 2,7 млрд АҚШ долларынан асатын келісімдерге қол қойылды

Алматы мен Шанхай өз елдерінің ең ірі экономикалық орталықтары болып саналады және екіжақты байланыстарды дамытуда маңызды рөл атқарады. Бұл туралы бүгін Алматыда жүрген Шанхай мэрі Гун Чжэн мәлімдеді.
Бұл — Гун Чжэннің Алматыға жасаған алғашқы ресми сапары.
Шанхай мэрі Алматыға екі мегаполис арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайтуға бағытталған ауқымды «Алматы — Шанхай» бизнес-форумына келді.
Форумда Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың қазіргі жағдайына тоқталып, бұл үдерісте ірі қалалардың инвестициялар мен іскерлік белсенділікті тартудағы орны ерекше екенін айтты. Оның сөзінше, Алматы Қазақстанның ЖІӨ-нің бестен бір бөлігін қалыптастырады, шетелдік инвестициялардың 40%-дан астамын тартады және қаржы секторының негізгі бөлігін шоғырландырады. Ал Шанхай әлемдегі жетекші қаржы орталықтарының бірі ретінде дамудың ең жоғары стандарттарын белгілейді.
Дархан Сатыбалды Алматының қытайлық инвестициялар үшін негізгі тарту орталығы болып қала беретінін атап өтті: қалада ҚХР қатысуымен шамамен 6 мың компания шоғырланған, ал Қытаймен тауар айналымы 9,5 млрд доллардан асты.
Сондай-ақ ол Алматының аумақтарды кешенді дамыту және заманауи көлік шешімдерін енгізу бағытында Шанхай тәжірибесін мұқият зерделеп отырғанын айтты. Оның айтуынша, Алматы ірі жобаларды іске асыруға шанхайлық құрылыс компанияларын, сәулет бюроларын және инжинирингтік ұйымдарды тартуға мүдделі.
Өз кезегінде Гун Чжэн Шанхайдың Алматы қаласымен қаржы, машина жасау, логистика және «жасыл» энергетика салаларында өзара іс-қимылды кеңейтуді жоспарлап отырғанын, сонымен қатар қытайлық компаниялардың Қазақстан нарығына шығуын қолдайтынын жеткізді.
Ол инновациялар мен жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты күшейту ниетін білдіріп, бұл бағыттарды алдағы өсімнің негізгі драйвері ретінде қарастыратынын атап өтті.
Форум аясында жалпы сомасы 2,7 млрд АҚШ долларынан асатын бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған келісімдерге қол қойылды.


