Абай облысында мас әрі жүргізуші куәлігі жоқ әйел үш көлікке соқтығысты

Абай облысында жүргізуші куәлігі жоқ мас әйел «еш себепсіз» жол-көлік оқиғасын жасап, бірден үш көлік зардап шекті.
Оқиға Курчатов қаласында болған. Бейнебақылау камерасындағы жазбада құқық бұзушы басқарған көліктің аулада тұрған бірнеше автокөлікті соққаны көрінеді.
Жол-көлік оқиғасынан кейін әйел жүргізуші медициналық куәландыруға жеткізілді. Тексеру нәтижесі оның орташа дәрежеде алкогольдік мас күйде болғанын көрсетті.
Полиция сондай-ақ көліктің иесі — құқық бұзушының жұбайы — да мас күйде болғанын және көлікті жүргізуші куәлігі жоқ адамға басқаруға бергенін анықтады.
Ерлі-зайыпты әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Енді оларды сот күтіп тұр.
Сонымен қатар, кеше Алматыда Дулати көшесінде мешіт маңында жол-көлік оқиғасы болып, көліктердің бірі аударылған. Оқиға орнынан түсірілген видеоны редакцияға оқырмандар жолдаған.
21 наурызда Алматыда әл-Фараби даңғылында Zeekr көлігінің қатысуымен өліммен аяқталған жол апаты болып, үш адам қаза тапты. Қазақстандықтар апатқа кінәлі адамға қатаң жаза қолдануды талап етуде.


