Тұрғын үй кезегін түгендеу нәтижесінде 16 537 қазақстандық кезектен шығарылды

Тұрғын үй кезегін түгендеу нәтижесінде 16 537 қазақстандық тұрғын үй кезегінен шығарылды. Бұл туралы Отбасы банкі мәлімдеді.
Не болды 24 мамыр 2025 жылдан бастап Отбасы банк ұлттық даму институты мәртебесін алып, тұрғын үй кезегін орталықтандырылған түрде жүргізе бастады. Бұған дейін кезекке тұрғандарды есепке алуды әкімдіктер жүргізіп келген. Олар жетім балалардан бастап әскери қызметшілерге дейінгі санаттар бойынша бірнеше бөлек тізім ұстаған.
Отбасы банк осы бытыраңқы тізімдерді «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» атты бірыңғай ақпараттық жүйеге біріктірді. Бұл:
- деректердегі қайталанулар мен дәлсіздіктерді жоюға;
- тұрғын үйдің бар-жоғын автоматты түрде тексеруге;
- адам факторын және кезекті қолмен басқаруды барынша азайтуға мүмкіндік берді.
Түгендеу қорытындысы қандай Кезек тізімдері Отбасы банкке берілгеннен кейін тұрғын үй кезегін түгендеу басталды. Бұл — кезекте тұрғандар туралы мәліметтерді тексеру және нақтылау рәсімі. Ол кезекте тұрған адамның өзекті мәртебесін, отбасы құрамын, санатын, тұрғын үйінің бар-жоғын немесе жоқтығын көрсетеді.
Қазіргі уақытта түгендеуден 408 565 тұрғын үй кезегінде тұрған азамат өтті, тағы 49 011 адам бойынша процесс жалғасып жатыр.
Мәліметке сәйкес:
- 74 005 азаматтың кезегі есепке қою жағдайлары толық анықталғанға дейін тоқтатылды;
- 16 537 азамат тұрғын үй кезегінен шығарылды;
- 75 456 адамды есепке қоюдан бас тартылды.
Банкте бас тартудың ең жиі кездесетін себептері ретінде мыналар аталды:
- кезекте тұрған адамның немесе оның отбасы мүшелерінің атына жылжымайтын мүліктің болуы;
- отбасы мүшелерінің бірінің де тұрғын үй кезегінде тұруы.
Кезекке қалай тұруға болады Отбасы банктің мәліметінше, кезекке соңғы бес жыл ішінде меншігінде тұрғын үйі болмаған барлық кәмелетке толған қазақстандықтар, сондай-ақ жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтар тұра алады. Өтінім беру orken.otbasybank.kz порталында жүзеге асырылады.
Банкте тұрғын үй кезегі «басқарылатын және болжамды режимге» өткенін мәлімдеді.
Отбасы банктің дерегінше, қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 968 640 қазақстандық тұр. Тұрғын үйді бөлу екі негізгі өлшем бойынша жүргізіледі: кезекке тұрған күні және азаматтар санаттарының басымдығы. Кезекте тұрғандардың шамамен 30 пайызы, яғни 306 632 адам тұрғын үй алуға бірінші кезектегі құқыққа ие.
Бұған дейін Отбасы банк тұрғын үйді кезекте тұрғандарға бөлу қағидаларын өзгерткені айтылған. Енді банк тұрғын үйді тек түгендеуден өткеннен кейін ғана бөлетін болады.
Сондай-ақ: Қазақстанда жаңа жеңілдікті ипотека пайда болады.


