Моджтаба Хаменеи Иранның АҚШ пен Израильмен қақтығыста «жеңіске жеткенін» мәлімдеді

Иранның жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи халыққа үндеуінде қазіргі сәтке дейін Ислам республикасы АҚШ пен Израильмен қақтығыста жеңіске жеткенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, ирандықтар «үшінші эпикалық қасиетті қорғаныста» (АҚШ пен Израильмен қазіргі қақтығыс) жеңіске жеткен.
«Бүгін және осы уақытқа дейін батыл түрде айтуға болады, сіздер (Иран тұрғындары — ред.) үшінші эпикалық қасиетті қорғаныста (АҚШ пен Израильмен қазіргі қақтығыс — ред.) жеңіске жеттіңіздер», — деді Хаменеи.
АҚШ-пен ықтимал бейбіт келіссөздер аясында ол Тегеранның соғысқа ұмтылмайтынын, алайда өз құқықтарынан бас тартпайтынын айтты.
Хаменеи Тегеран Ормуз бұғазын бақылауды жалғастыратынын атап өтті.
«Ормуз бұғазын басқаруды біз міндетті түрде жаңа кезеңге шығарамыз», — деді ол.
Сондай-ақ Иранның жоғарғы көшбасшысы Тегеранның қақтығыс барысында АҚШ пен Израиль келтірген шығын үшін репарация талап ететінін мәлімдеді.
«Біз әрбір келтірілген зиян, шейіттердің төгілген қаны үшін міндетті түрде өтемақы талап етеміз», — деді Хаменеи.
Ол бұдан бөлек, Иранның бұрынғы Иран көшбасшысы Али Хаменеи мен басқа да қаза тапқан ирандықтар үшін кек алуға бел буғанын айтты.
«Оның төгілген қаны және екінші (2025 жылғы маусымда Израильмен қақтығыс) және үшінші (қазіргі соғыс) таңылған соғыста қаза тапқан барлық шейіттер үшін кек алуға деген берік ерік жүрек пен жан дүниеде өмір сүретін болады», — деп қосты Иран көшбасшысы.
Парсы шығанағы елдеріне үндеуінде Хаменеи оңтүстіктегі көршілерін «дұрыс тарапты таңдауға» және «әзәзілдердің жалған уәделеріне ермеуге» шақырды.
Сонымен қатар, АҚШ президенті Дональд Трамп 8 сәуірге қараған түні Иранмен екі аптаға атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеген. Кейін Трамп Тегеранмен бейбіт келісім жүзеге аспай қалса, Иранға «өте ауыр салдар» болатынын ескерткен.


